Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталғандарға 300 кітап сыйға тартылды

Түркістан облысы ҚАЖД түзеу мекемесінің кітапхана қоры үш жүз кітаппен толықтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ИЧ-167/9 тергеу изоляторы қамауында отырған сотталған азаматтар арасында кітап оқитындардың саны күн санап артып келеді. Осыған байланысты Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ИЧ-167/9 мекемесіндегі сотталғандарға тәрбиелік бағытта ықпал ету мақсатында мекемеге 300 әдеби кітапты табыстады.

Мекемедегі кітапхана қоры қоғамның патриоттық, рухани-адамгершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған. Осыған байланысты кітапхана сөресін тарихи кітаптармен толықтырды.

– Кітаптар біздің заманымызда сирек кездеседі. Бүгінгі жастар электронды кітаптар мен ақпараттық порталдарды оқиды. Өкінішке орай, кітаптар екінші орынға түсіп қалды. Бірақ, олар оқырманның сөздік қоры мен ішкі әлемін толықтыруға көмектесетінін түсіну керек. Біздің университеттің берген кітаптары жазасын өтеушілер арасында жоғары сұранысқа ие болады деп сенеміз. Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал, сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Кітап оқудың артында көптеген адамдар ішкі әлемге ие болады және сөздік қорын толықтырады. Себебі, қателік жасап жазаға тартылған адамдар әсіресе рухани байытуға мұқтаж, – деді Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті кітапханасының басшысы Меруерт Әбдісадыққызы.

Мекемеге келген кез-келген кітаптарды алдымен теологтары мен ИЧ-167/9 түзеу мекемесінің қызметкерлері тексерістен өткізеді. Тексеру барысында, әкелінген құнды сыйлар арасынан радикалдық бағыттағы және шытырман оқиғалы туындылар мен мекеме ішіне алып өтуге тыйым салынған заттар анықталған жоқ.

ИЧ-167/9 түзеу мекемесіндегі кітапханашы Самат Бесбаев есімді сотталған осы күнге дейін 65 кітап оқып шығыпты. Ал, жыл басынан бері әртүрлі жанрдағы 17 кітапты оқыған. Қазіргі таңда ол орыс тілінде жазылған шығармаларды да оқуға кіріскен екен. Бостандыққа шыққанан кейін ағылшын, түрік, қытай тілдерін үйренуді жоспарлап жүргенін де айтып өтті.

– Мекеме қамауындағылардың дені қазақ тілді азаматтар. Сондықтан қазақ тілінде жазылған көркем әдебиеттер санын артыру қажет. Сотталғандардың сұранысы бойынша көркем-әдеби, тарихи кітаптар жіберілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мен қателікке бой алдырып, қылмыс жасағаныма өкінемін. Өзім кітап оқығанды бұрыннан ұнатамын. Осы түзеу мекемесінде кітапханашы болуды ұсынған кезде қуана келістім. Менің соңғы оқыған кітабым, Әзілхан Нұршайховтың «Ақиқат пен аңыз» атты шығармасы. Бұл кітапта Ұлы Отан соғысының даңқты каһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы мүсінделеді. Батыр атамыздың сонау жастық шағынан бері, Совет Армиясының үздік мектебінде шыңдалу кезіңіне, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан бастап күні бүгінге дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы бейнесі бейнеленген. Сондай-ақ, маған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы да қатты ұнайды. Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Шаханов және тағы да басқа жазушыларымыздың шығармаларын оқыдым, – деп өзінің оқыған кітаптары жайлы бөлісті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру