Қарағанды облысында фермер астық алқабында жайылып жүрген төрт жылқыны атып тастады
Қарағанды облысында фермер астық алқабында жайылып жүрген төрт жылқыны атып тастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қыркүйекте Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ғ.Мұстафин ауылының полиция бөліміне 62 жастағы шаруа қожалығының басшысынан арыз түсті. Ол біреудің төрт жылқыны атып тастағанын хабарлады. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион 80 мың теңгені құрады.
Оқиға орнына жедел -тергеу тобы келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Бұл басқа шаруа қожалығының 71 жастағы басшысы болып шықты. Фермер жылқылар астықта жайылып жүргенін және оларды қорқыту үшін атыс қаруын қолданғанын түсіндірді. Полиция күдіктінің қолынан тіркелген аңшы мылтығын алды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 202 -бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.