Түркістан облысында 550-ден астам білім ордасына қойылған бейнекамераларды полиция қызметкерлері тікелей Жедел басқару орталығы арқылы бақылайды
Түркістан облысында 550-ден астам білім ордасына қойылған бейнекамераларды полиция қызметкерлері тікелей Жедел басқару орталығы арқылы бақылайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінде маңызды кездесу болды. Оған ТО ПД бастығы Қайрат Дәлбеков, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен БАҚ өкілдері қатысты.
Аталмыш кездесудің басты мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тапсырмасын орындау, яғни сол мақсатта мектептерге қойылған және ТО ПД ЖБО-на интеграцияланған бейнекамералардың жұмыс жасауын пысықтау мен бақылау. Түркістан облысына іссапармен келген басшылар алдымен Ордабасы ауданы Спатаев ауылында орналасқан Спатаев атындағы мектепке табан тіреді. Аталмыш мектепке 30 күндік деректер сақталатын сегіз бейнебақылау камерасы орнатылған. Яғни дәліздерде, асханада, спортзалда, фойеде, кіреберісте және мектеп ауласында болып жатқанның бәрін нақты уақытта да, жазбада да көруге болады. Аудан полицейлерімен және мектеп ұжымымен тілдескен басшылар осыдан соң облыстық полиция департаментіне аялдады. Онда жедел басқару орталығында мектептердегі балалардың қауіпсіздігінің бақылануын бейнекамералар арқылы нақты уақыт режимінде көрді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Үкімет отырысында бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға жүктелді. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жоба мектептерде орнатылған бейнекамералардан бейнелерді нақты уақыт және өткен режимінде көруге мүмкіндігін береді. Яғни жазбаларды аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімінен, сондай-ақ біздің Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығынан қарауға болады. Сондықтан біз мектептерге орнатылған бейнекамералар арқылы мектептерге сырттан келетін қандай-да бір қауіпті уақытында анықтап, тиісті шаралар қолдана аламыз. Бүгінгі күнге дейін Түркістан облысында «102» желісі бойынша 68226 қоңырау тіркелген, оның ішінде Түркістан қаласы бойынша – 18852. Облыс бойынша 540 бейнебақылау камерасы орнатылған болса, оның ішінде облыс орталығында – 56 бейнекамера жұмыс үздіксіз істеп тұр.
Мәселен облыста орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 67557 (2020 ж. 50057) әкімшілік құқық бұзушылық пен 95 қылмыс (2020 ж. – 84) анықталды. Түркістан қаласында бейнебақылау камераларының көмегімен 32424 (өткен жылы – 19273) әкімшілік құқық бұзушылық және 30 қылмыс (өткен жылы – 22) анықталды, – деп атап өтті Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков.
Айта кетейік бүгінгі таңда Түркістан облысында жалпы мыңға жуық мектеп болса, оның 500-ге жуығы Түркістан облысы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған. Яғни 345 мектепті «Қазақтелеком», 115-мектепті «Транстелеком» қосып отыр. Ал 108 мектепті облыс аумағындағы қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдері қадағалап, нақты уақыт режимінде көре алады.