Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда “Автобус” шарасының үш күнінде 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Маңғыстауда “Автобус” шарасының алғашқы үшкүндігінде 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жолдарда жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын, оның ішінде шетелдік мемлекеттік тіркеудегі минивэндерде жүргізушілер арасында көліктік және еңбек тәртіптерін арттыруға, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану фактілерін анықтауға, сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалдаудың жолын кесу мақсатында Маңғыстау облысының аумағында ағымдағы жылдың 4 қазанынан бастап “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Жедел-профилактикалық іс-шараның барысында Маңғыстау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасымен облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы мен мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды анықтау жөнінде бірлескен мобильді топ құрылып, Ақтау қаласы, Мұнайлы мен Түпқараған ауданында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Өткізілген іс-шараның алғашқы үш күнінде облыс бойынша жолаушылар көлігінің (автобус, микроавтобус, минивэндер, таксилер) жүргізушілерімен жасалған 580 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Нақтырақ айтқанда, көлік құралын заңсыз жабдықтаған 64 жүргізушіге Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен хаттама, 590-бабының 8-бөлігімен, яғни рейс алдында медициналық не техникалық тексеруден өтпегені үшін 12 хаттама, көлік құралын міндетті техникалық тексеруден өткізбей басқарған, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігімен 66 хаттама жасақталды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабымен көлік құралын ұялы телефон пайдаланып басқарған 168 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Маневр жасау ережелерін бұзған 195 жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 595-бабымен, жолдың қарама-қарсы бағытына шығып көлік құралын басқарған 4 азаматқа 596-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырылды. 50 жүргізуші міндетті сақтандыру полисін жасамай көлік басқарғаны анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 230-бабының 2-бөлігімен хаттамалар жасақталды.

Шара аясында автобус парктерінің, мекемелердің техникалық қауіпсіздігіне жауапты адамдарына қатысты 12 әкімшілік хаттама толтырылды. Үш күннің ішінде арнайы тұраққа 39 көлік орналастырылып, 75 көліктен мемлекеттік белгі алынды.

Айта кетейік, “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы 13 қазанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру