Алматы полициясы заңсыз келімсектерге қатысты іс-шара жүргізуде
Алматы полициясы заңсыз келімсектерге қатысты іс-шара жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексерулердің екі күнінде 340 келімсек жауапқа тартылды. Жедел алдын алу іс-шарасы шаһарда заңсыз жүрген адамдарды анықтауға, сондай-ақ қаладағы көші-қон арналарын тоқтатуға бағытталған. Іс-шара аясында полицейлер келімсектердің уақытша тұратын жерлерін, құрылыс алаңдарын, жертөлелерді, сондай-ақ азаматтардың жаппай жиналатын жерлерін – базарларды, теміржол маңындағы аумақтарды, көлік тұрақтарын, саяжайлар мен өндірістік аймақтарды тексеруде.
– Екі күндік рейд кезінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 507 құқық бұзушы анықталды және жауапкершілікке тартылды, олардың 340-ы шетел азаматтары. Сот шешімімен көрші мемлекеттердің 44 азаматы елден шығарылды, – дейді Алматы қалалық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Геннадий Мен.
Сондай-ақ, спикер шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдамағаны үшін Қазақстанның 145 лауазымды және заңды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін 22 жұмыс беруші жауапқа тартылды.