Құжатсыз мал тасымалдаған сарыағаштық жүргізуші анықталды
Түркістан полицейлері құжатсыз малдарды тасымалдаған жүк көлігінің жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері мал ұрлығының алдын алу мақсатында, мал және ет өнімдерін тасымалдауды қатаң бақылауға алған. Яғни ауданның маңызы бар жолдары бойына посттар қойылып, төрт-түліктің құжаттары жіті тексерілуде. Осындай рейдтік шара барысында сарыағаштық полицейлер «Газ» маркалы жүк көлігіне мал артып бара жатқан тұрғынды тоқтатты. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышында үш бас сиыр және бес бас қойдың бары анықталды. Газ жүк көлігінің жүргізушісі ірі-қараларды тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша тіркеп, іс-құжаттар жинақталып, заңды шара қолдану үшін Сарыағаш қалалық аумақтық ветеринария инспекциясына жолдады. Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға заңсыз мал тасымалдау, белгіленбеген орындарда бөлшектеу мен малды сою, ен-таңбалары жоқ малдарды саудаға салу деректерін болдырмау мақсатында, атқарылып жатқан жұмыстар жалғаса беретінін ескертеді.