Түркістан облысында бейнебақылау камераларының көмегімен 100-ге жуық қылмыс ашылды
Түркістан облысы Полиция департаментінде бейнебақылау камераларының көмегімен 100-ге жуық қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының барлық аумағында орнатылған жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тәртіп сақшыларына қылмыстарды ашуға және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласының орталық көшелерінде және облыстың аудан орталықтарында тәулік бойы 540 бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр.
Ағымдағы жылдың басынан бері сыртқы бақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері 95 қылмысты ашты. Оның ішінде 44 бөтен мүлікті ұрлау, бес бұзақылық және екі тонау жайттары. Мәселен, Түркістан қаласы ПБ ЖБО бейнекамералары полицейлерге жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінде сөмкенің ұрланғанын ашуға көмектесті. Кезекші бөлімге қала тұрғынынан құны бес мың теңге тұратын сөмкені ұрлап кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті.
Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, көрген-білген куәлардан жауап алды. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шығып, Түркістан қаласы ПБ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оны тексеру үшін бірден полицияға жеткізді. Аталған дерек ҚК 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Ұрының басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Алайда, бейнебақылау камералары қылмыстарды ашуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамдық орындар мен көшелерде, сондай-ақ түрлі бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен тәртіп сақшылары ағымдағы жылдың басынан бері 67,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Түркістан облысының полицейлері атап өткендей бейнебақылау камералары жедел жағдайды жақсартып қана қоймай, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін, заңдылығын және жұмыс сапасын нығайтады.