Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер акция кезінде мыңнан астам тұрғынды қабылдады

Түркістандық полицейлер акция кезінде мыңнан астам тұрғынды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Екі күн қатарынан өткізілген “Жолда қабылдау” акциясына осы жолы мыңнан астам тұрғын келді. Олар ішкі істер саласына қатысты түрлі ұсыныс пікірлерін айтып, бүгінгі таңда полицияның қолжетімділігі туралы жеткізді. Бірі учаскелік полицейлердің жұмысына оң бағасын берсе, енді бірі басшылардың қабылдауына кезексіз кіріп, мәселесінің дер кезінде шешілгенін айтты. Сондай-ақ жол апатының жиілеуіне не себеп деп сауалын қойса, келесі тұрғын, яғни облыс орталығында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы мектептің директоры келіп, маңызды мәселесін полицейлерге бағыттады. Ол мектеп алдына жасанды жол кедергілерін орналастыру қажет екенін және полицейлерден қандай көмек болатынын сұрады. Акцияның басы-қасында жүріп ұйымдастырушы, тұрғындарды үзіліссіз қабылдап отырған полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков бұл жайтты бірден назарға алды:

– Сіз айтып отырған білім ордасының алдына жасанды жол кедергілерін қою үшін біз дүйсенбі күні білім ошағына барып, жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Сіз айтқан жағдай, оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Сондықтан бұл біз үшін кезек күттірмейтін мәселе. Мен өз бақылауыма алып, шешілу жолында бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, – деп атап өтті.

Осылайша “Жолда қабылдау” акциясы аясында тұрғындар айтып келген мәселелердің көпшілігі өз шешімін тапты.

Жалпы “Жолда қабылдау” акциясы облыс тұрғындарына жақсы таныс. Өйткені ай сайын өткізіліп жүрген акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға ыңғайлы уақытта және қолайлы жерде құқықтық көмек алуға мүмкіндік беру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру