Таразда тұрғын түзеу мекемесіне есірткі кіргізбек болды
Таразда түзеу мекемесіне марихуана кіргізбек болған азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таразда түзеу мекемесінің қызметкерлері танысына тыйым салынған затты кіргізбек болған азаматты ұстады. Анықталғандай, 1979 жылы туған Т. Рысқұлов ауданының тұрғыны сәлем-сауқат арқылы 170 тал темекіге жасырылған жасыл түсті, өзіндік иісі бар өсімдік тектес ұнтақты өзінің танысына бермек болған.
Бұл сәтті өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесі жедел бөлімінің қызметкерлері қалт жіберген жоқ.
Азаматтың айтуынша, ол бұл затты мекемеде жазасын өтеп жатқан 1977 жылғы көршісіне алдын ала келісуі бойынша алып келген. Іздеу барысында ерекше иісі бар тұнық жасыл түсті өсімдік тәрізді зат тәркіленді.
Аталған дерек бойынша жедел-тергеу тобы және Тараз қалалық Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері шақыртылып, сот-химиялық сараптама тағайындалды. Нәтижесінде анықталған заттың кептірілген марихуана өсімдігі екені анықталды.
Сондай-ақ, ұсталған азаматтың Құлан ауылындағы үйін тінту барысында осындай есірткі затының тағы бір бөлігі табылды.