Түркістан полицейлері компьютер құрылғыларын ұрлаған күдікті ер адамды құрықтады
Түркістан полицейлері компьютер құрылғыларын ұрлаған күдікті ер адамды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас аудандық ПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Арызда өзінің компьютерлік ойынханасынан компьютердің қосымша құрылғыларын белгісіз біреу жасырын кіріп, жымқырып кеткені көрсетілген. Келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.
Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, СДТБТ-не енгізді.
Ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, барлық қажетті шаралар іске асырылды. Жедел уәкілдер бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде ойынханаға тиесілі техникалық құралдарды жымқырған күдіктінің жеке-басын анықтап, «ізін суытпай» ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ұрлаған компьютер құрылғыларды базарлардың біріне сатып, өз қажетіне жұмсаған. Қазіргі таңда күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға құнды заттарыңызға барынша сақ болуды ескертеді. Аулаңызға бейнебақылау камераларын орнатып, есіктеріңізге сенімді құлыптар, терезелеріңізге темір торлар жасатуға кеңес береді. Мұндай қауіпсіздік шаралары сіздің бағалы заттарыңызға көзі түскен ұрылардың жолын кесетінін ұмытпаңыз.