Ақмолалық полицейлер ер адамнан қолдан жасалған атыс қаруын анықтады
«Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында ақмолалық полицейлер ер адамнан қолдан жасалған атыс қаруын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының аумағында «Браконьер» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Іс-шара 20 қазан мен 19 қараша аралығында табиғатты қорғау заңнамасының бұзушылықтарын, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында өткізіледі.
Сонымен қатар «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері ІІО-да әртүрлі есепте тұрған адамдарды, қару иелерін тексереді, тіркелмеген қару мен басқа да тыйым салынған заттарды сақтау фактілерін анықтайды.
Мәселен, 24 қазанда Біржан сал ауданының ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» және «Учаске» жедел алдын алу іс-шаралары аясында «Макинск-Ақсу-Торғай» автожолында Merсedes Benz E-230 маркалы автокөлігінің жолаушысы, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 27 жастағы ер адамнан тіркеу нөмірі жоқ тіркелмеген қолдан жасалған атыс қаруы, сондай-ақ 11 дана оның патрондары табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
Бұдан басқа, жедел алдын алу іс-шара аясында Сандықтау ауданының 38 жастағы тұрғынынан тұрғылықты жері бойынша 12 калибрлі «ИЖ-18» маркалы тіркелмеген тегіс ұңғылы бір ұңғылы мылтық табылып, тәркіленді. Сараптама тағайындалды. Тексеру нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады.