СҚО полицейлері соңғы 5 жылда 8 «телефон террорисін» қылмыстық жауапқа тартты
СҚО полицейлері соңғы бес жылда сегіз «телефон террорисін» қылмыстық жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Телефон террористеріне» бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлаудың) максималды санкциясы. Соңғы бес жылда Солтүстік Қазақстан облысында жарылғыш заттың қойылғандығы туралы «қалжыңы» үшін сегіз адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірінің 3-4 жылға түрмеге қамалуына тура келді, келесі бір «қалжыңбас» ұзақ мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жазасын өтеген соң олардың әрқайсысы полицияның ерекше назарында болады: бұрын сотты болған тұлғалар сияқты олар да есепте тұрады, учаскелік полиция инспекторлары оларды тұрғылықты жерлері бойынша тексереді. Бұл, әдетте алкогольдік масаң күйде жасалған «қалжың» қоңыраудың өтемі.
– Осындай әр факті бойынша қаншама полицияның күші мен құралдары, өкілдері тартылады, – деді СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев. – Өмірдің күнделікті қалпы бұзылады, адамдар мазасызданады. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халыққа ақпараттық жұмыс жүргізу шеңберінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен көзделген жауапкершілік шараларын еске салады.