Зеренді ауданындағы орманда 273 қарағай қазған екеу ұсталды
Зеренді ауданындағы орманда 273 қарағай қазған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қазанда сағат 18:35-те Зеренді ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне Баратай және Уголки ауылдары арасындағы орман алқабында белгісіз тұлғалар жас қарағай қазып жатқандығы туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері қаскүнемдердің жеке басын анықтады. Бұған дейін сотталмаған, Семей қаласының 55 жастағы тұрғыны мен Нұр-Сұлтан қаласының 43 жастағы тұрғыны DAF маркалы жүк көлігіне қарағай тиеген. Барлығы 273 қарағай алынды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 340-бабы 1-бөлігі (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Процессуалдық мәжбүрлеу шарасы «келу міндеттемесі» таңдалды.
Еске сала кетейік, Ақмола облысының аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарын, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылғы 20 қазан мен 19 қараша аралығында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі.