ШҚО-да 61 жастағы борышкер 3 жыл бойы Алматы қаласында жасырынып жүрген
ШҚО-да 61 жастағы борышкер үш жыл бойы Алматы қаласында жасырынып жүрген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон қызметі жұмысының бағыттарының бірі атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлерді іздестіру болып табылады.
Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Глубокое аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөліміне екі миллион теңгеден астам қарызды уақтылы төлемеген 61 жастағы борышкерге іздеу жариялау туралы жеке сот орындаушысының қаулысы келіп түсті.
– Әйел үш жылдан артық уақыт бойы қарызды төлемей, Алматы қаласында жасырынған. Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері екі ай ішінде борышкердің орналасқан жерін анықтады. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Жыл басынан бері көші-қон қызметінің қызметкерлері төленбеген борыштарына байланысты сот орындаушыларынан жасырынып жүрген 160-тан астам азаматты анықтады.
ШҚО ПД көші-қон қызметі атқару құжатын орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік және ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.