Арқалық тұрғыны ақмолалық полицейлерге жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді
Қостанай облысының тұрғыны ақмолалық полицейлерге жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы Арқалық қаласының тұрғыны Instagram-дағы Полиция департаментінің парақшасына хат жазды. Өз хатында ер адам түнде жолда қалдырмай, көмек қолын созған ақмолалық полицейлерге алғысын білдірді.
Мақсұт Нұрхановтың айтуынша, ол туыстарымен бірге Нұр-Сұлтан қаласына жақын адамының жаназасына баруға шыққан. Шамамен түнгі сағат 02:00-де Жақсы ауылына жетпей, оның көлігі сынып қалған. Көлікте қарт адамдар болды, олардың денсаулығы үшін ер адам қатты уайымдады.
– Бірнеше минут ішінде көліктің іші суып кетті, жолаушылардың денсаулығына деген қорқыныш күшейе түсті, – деп жазады автор.
Жаяу жүріп, ол сынған жерден бір шақырым жерде орналасқан ең жақын жанармай бекетіне барып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады. 20 минуттан кейін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Райымбек Сәбитов пен Бүркіт Алшынбаев келді. Полицейлер Жақсы кетіне жақын жерде орналақан автокөлік бөлшектері сатылатын дүкенге сүйреп апарды. Тәртіп сақшылары иесінен түнде дүкенді ашып, қиын жағдайға тап болған қонақтарға қажетті бөлшектерді сатуды сұрады. Содан кейін полиция көлікті жөндеуге көмектесетін автомастер тауып берді.
Қостанайлықтарға жол сәттілігін тілеп, полицейлер әрі қарай қызмет етуге аттанды.
– Біздің көлігімізде отырған қарт адамдар қайырымды полицейлерге батасын беріп, оларға және олардың отбасыларына бақыт пен амандық тіледі. Райымбек Төлегенұлы мен Бүркіт Сәрсенбекұлына шын жүректен алғыс айтамын және жұмыста табыс тілеймін. Адамдарға шын жүректен жанашыр сіз сияқты полицейлер көп болсын, – деп жазады Арқалық қаласының тұрғыны.