Түркістан облысында мас жүргізуші 1 жылға бас бостандығынан айырылды
Түркістан облысында мас халде автокөлік басқарған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Кезекті шара барысында полицейлер жол жүру ережесін өрескел бұзып келе жатқан “Audi 80” маркалы автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде көліктің иесі Отырар аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы автокөлік жүргізушісінің мас екенін растады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша іс-құжаттарды жинақтап, Отырар аудандық сотына жолдады. Бүгінде сот күдікті азаматты ҚК 346-бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын есте шығармағаны жөн.