Павлодарда жол ережелерін бұзған жүргізуші 32 рет бейнекамераға түскен
Павлодарда жол ережелерін бұзған жүргізуші 32 рет бейнекамераға түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 20%-ын Ресей Федерациясында тіркеу есебінен шығарылған, Қазақстан Республикасында пайдаланылатын автокөлік құралдарының жүргізушілері жасайды.
Мәселен, 2021 жылдың 10 айында жол қауіпсіздігі желісі бойынша 109 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оларға 1 миллиард теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Аталған бұзушылықтардың ішінен 11 252 құқық бұзушылықты Ресей Федерациясында есептен шығарылған, Қазақстан Республикасында пайдаланылатын автокөлік жүргізушілері жасаған. Аталған жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтар «Redspeed» жүйесінің стационарлық жылдамдық өлшегіштерімен және жол қозғалысын бақылаудың зияткерлік жүйелерімен анықталды, айыппұлдар сомасы 124 млн. теңгеден асты, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Павлодарда Ресей Федерациясындағы тіркеу есебінен шығарылған, бірақ осы көлікті Қазақстанда жүргізген ВАЗ-21014 маркалы көлік құралының жүргізушісі құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйесінің назарына 32 рет түскен. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жүргізушіге жалпы сомасы 713 965 теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, айыппұлдар бүгінгі күнге дейін төленбеген.