Қостанай қаласында Нельсон Мандела ережелерінің ғылыми-білім беру орталығы ашылды
Қостанай қаласында Нельсон Мандела ережелерінің ғылыми-білім беру орталығы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында елімізде тұңғыш рет Нельсон Мандела ережелерінің ғылыми-білім беру орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Германия, Словения, Болгария, Қазақстан сарапшылары қатысты. Қазақстан Республикасы ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов өз сөзінде атап өткендей, Қостанай академиясы ҚР ІІМ жүйесінің ведомстволық оқу орны болып табылады. Оның бағыттарының бірі қылмыстық–атқару жүйесі үшін қызметкерлерді даярлау. Осыған байланысты, бүгінде осы бағыттағы халықаралық құқықты кеңінен зерделеу үшін БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен Қазақстанда аналогы жоқ Н.Мандела ережелер орталығы ашылды.
– Халықаралық құқық нормаларын, атап айтқанда Нельсон Мандела ережелерін білу адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Бұл ең алдымен сотталғандармен жұмыс істеу кезінде сақталуы тиіс. Бүгінгі таңда оқытушылар мен курсанттардың алдына қоятын негізгі міндет-ережелері қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері тәжірибеде қолдануы тиіс, қазіргі заманның көрнекті қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты қалдырған мұраны зерттеу, – деді Қостанай академиясының бастығы Нұрлан Биекенов.
Орталықты құру және ашу кезінде жүргізілген ауқымды жұмысқа, сондай-ақ жалпы Академияның қызметіне бағдарламаның халықаралық үйлестірушісі, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының штаб-пәтері Торбен Адамс жоғары баға берді. Ол Қостанай жоғары оқу орнымен бірлескен жұмыс Қазақстанда жарқын жобаға айналғанын, ол алдағы уақытта да жоғары кәсіби деңгейде жалғасатынын атап өтті.