Алматы полициясы: кейбір қоғамдық көлік жүргізушілерінің тиісті санаттары жоқ
Алматыда «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары рейдтік іс-шаралар өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған дейін хабарланғандай, дамыту, бақылау және жедел алдын алу іс-шаралар аясында жол қозғалысын қадағалау күшейтілді.
– Жедел алдын алу іс-шаралар өткізілген күндері жеке құрам қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды, нарядтардың тығыздығы артты. Шараның басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың жолдағы тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамайтын жүргізушілерді анықтау, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Полицейдің айтуынша, автобус және такси парктерінің қызметі ерекше бақылауда.
– Жақында ғана Алматының Бостандық ауданында рейдтің бір сағатқа жетпес уақытында тиісті санаттары жоқ, тиісінше, қоғамдық көлікті басқару құқығы жоқ үш автобус жүргізушісі анықталды. Жүргізушілер ӘҚбК-нің 612-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Олардың қоғамдық көліктері айыппұл тұрағына қойылды. Рұқсат етілмеген адамдардың жолаушы тасымалдауына жол берген автокәсіпорын басшыларына қатысты да әкімшілік шаралар қолданылды. Біз осы ЖАІ аясында қалалық автокәсіпорындар өкілдерімен кездесулер өткізетінімізді және онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар мәселелер талқыланатынын айта кетейін, – деді Н. Аманбек.