СҚО-да ер адамның көлігінен сібір елігінің еті табылды
СҚО-да полицейлер ауаға оқ атып, заңсыз аң аулаған күдіктілерді тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Тайынша ауданының учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік іс-шараларға қатысып, Кеңес ауылы маңында «ВАЗ-2123» автокөлігін байқаған. Жүргізуші тоқтау туралы талапқа бағынбай, жасырынбақ болған. Оны тоқтату үшін ескерту жасап табельдік қарудан ауаға атуларына тура келген.
Салонда 22 мен 32 жас аралығындағы Ақмола облысының төрт тұрғыны болған. Оқиға орнына шақырылған аудандық ПБ жедел-тергеу тобы көліктен сібір елігінің етін және «ИЖ-58» маркалы тіркелмеген аңшы қаруын тәркіледі. Ұсталғандарда жануарларды атуға рұқсат құжаттары болмаған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– СҚО-да «Браконьер» жедел-профилактикалық шарасы 2021 жылғы 20 қазан мен 19 қараша аралығында өткізілуде. Табиғатты қорғау полициясы бөліністерінің қызметкерлері қорықшылармен бірлесе аң аулау қағидаларының бұзушылықтарын анықтау, сондай-ақ табиғи ресурстарды браконьерлік жолмен аулау фактілерінің алдын алу үшін орман алқаптарында рейдті күшейтті. Іс-шара өткен уақытта аң аулау қағидаларының 157 бұзушылығы анықталды. Олар көбінесе қаруды жиналған және оқталған күйде тасымалдаудан көрінеді. Өйткені жазатайым оқиғалардың орын алмауы үшін бұған үзілді-кесілді тыйым салынған. Сонымен қатар, балық аулау қағидаларының 34 бұзушылығы анықталды, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.