Дәмханадан телефон мен әмиян ұрлаған атыраулық ұсталды
Атыраулық полицейлер дәмханадан телефон мен әмиян ұрлаған күдіктіні әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қараша күні жергілікті тұрғын Атырау қалалық Полиция басқармасына арызданып, Махамбет көшесінің бойында орналасқан дәмханалардың бірінде Samsung A20 маркалы ұялы телефонын және әмиянын белгісіз біреу ұрлап кеткенін айтқан. Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлімі (Ұрлық) фактісі бойынша тіркеліп, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді.
Атырау ҚПБ-нің криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті – 34 жастағы Атырау қаласының жергілікті тұрғынын анықтады.
Тәртіп сақшылары камералардан бақылап, тәулік ішінде күдіктіні тұрғылықты мекенжайынан тауып, қалалық Полиция басқармасына жеткізді. Айғақ зат ретінде телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.