Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 19 жастағы ауыл тұрғыны танысының көлігін айдап әкетті деген күдікпен ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында 19 жастағы ауыл тұрғыны танысының көлігін айдап әкетті деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылының тұрғыны Audi А6 көлігін айдап әкеткені туралы арызымен аудандық полиция бөліміне жүгінген. 14 қарашаға қараған түні оның ұлы туысын дәмханаға әкелген. Танысын кездестіріп, әңгімеге беріліп, көлікті оталған күйде қалдырған. Оның қасындағы әңгімелесушілердің бірі масаң күйде көлік салонына отырған.

Біршама уақыттан кейін Audi көлігі кенеттен қозғалып, белгісіз бағытқа кеткен. Айдап әкетілген көлік ұзап үлгермеді, 200 метрден кейін кюветке кеткен. Оны жанынан өтіп бара жатқан патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тауып алған. Олар масаң күйде көлік тізгінінде отырған 19 жастағы ауыл тұрғынына көлік салонынан шығуға көмектескен. Абырой болғанда, ол зардап шекпеген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұдан бөлек, күдіктіге қатысты масаң күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік материал жиналуда, іс сотқа жіберіледі.

– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, айдап әкетудің дені спирттік ішімдіктің әсерінен орын алады. Көбіне көлікте қалдырылған оталдыру кілті айдап әкетуге итермелеуші фактор болады. Автокөлік иелерінен өз мүлкін сақтауды, көліктің кілтін салонда немесе көрінетін жерде қалдырмауды сұраймыз. Сонымен қатар, салонда ақша, құжаттар мен құнды заттарды қалдырмауға кеңес береміз, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.


Жыл басынан СҚО-да автокөлік құралын құқыққа сыйымсыз иемденудің 61 фактісі тіркелді. Бүгінгі таңда оның 45-і өндіріспен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру