Алматы полицейлері мектептерді бақылап, «дабыл батырмаларының» тиімділігін тексеруде
Алматы полицейлері мектептерді бақылап, «дабыл батырмаларының» тиімділігін тексеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің қауіпсіздік жүйелері полицияға қосылған.
– Ресей Федерациясының Қазан және Пермь қалаларында болған қайғылы оқиғаларды барлығы біледі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде алдын алу шаралары күшейтілді. Бүгінгі таңда қаладағы барлық 207 мектепте 4 414 бейнебақылау камерасы орнатылды, оның 2 620-сы Жедел басқару орталығына қосылған. Қалғандары жақын арада қосылатын болады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын тексеру, қаланың барлық мектептерінде күзет агенттігі мен ЖБО-на сигнал беретін дабыл түймелері орнатылғанын және жұмыс істеп тұрғанын көрсетті, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ, білім беру мекемелері дабыл құрылғыларымен жабдықталған, оларда дауыс зорайтқыш байланыс жүйесі де бар, білім беру ұйымдарының әкімшілік ғимараттарына кіруді бақылау және басқару үшін қондырғылар орнатылған. Сонымен қатар, 150 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.
– Қазіргі уақытта Алматы қаласы ПД басшылығының тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелеріне кешенді тексеру жүргізілуде. Біздің бөлімше қызметкерлері «дабыл батырмаларының» жұмыс істеу қабілетін және олардың іске қосылуына департаменттің Жедел басқару орталығы, сондай-ақ, күзет агенттігінің тобы қалай әрекет ететінін тексереді, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.