Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы полицейлері дүкеннен садақа жәшігін ұрлаған әйелді ұстады

Түркістан облысы полицейлері дүкеннен садақа жәшігін ұрлаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал ауданында тәртіп сақшылары ұрлық жасаған жергілікті тұрғынды “ізін суытпай” ұстады. Күндізгі уақытта зат алу мақсатында дүкенге кірген күдікті әйел жан-жағында адамдардың жоқтығын пайдаланып, садақа жәшігін ұрлап кеткен. Яғни Мақтаарал ауданы ПБ кезекші бөліміне ер адам арызданып келген. Онда өзінің дүкенінен күндізгі сағат 14:00 шамасында белгісіз азамат кіріп, садақа жәшігін жымқырып кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 75 мың теңге.

Мақтаарал ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері дүкен ішін мұқият қарап шығып, бейнебақылау камерасын тексерді. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бір тәулік ішінде күдіктіні құрықтады. Ол бұрын сотталған жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта аталған дерек ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті әйел ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүліктерін сақтау үшін қауіпсіздік шараларын қабылдау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ дүкендердің және басқа сауда нүктелерінің иелеріне мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада “102” телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру