Абай мұрасы – ұлт рухының өшпес шамшырағы
10 тамыз – ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде ақынның әдеби және рухани мұрасына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай – тұтас ұлттың рухани болмысын қалыптастырған ұлы тұлға. Оның адамды білім мен парасатқа, еңбек пен адалдыққа, әділет пен жауапкершілікке үндеген ойлары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Көрмеден Абайдың шығармалары, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектер, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы орын алды. Бұл шығарма арқылы қазақ халқының тұтас бір дәуірі, салт-дәстүрі, ұлттық мінезі мен рухани әлемі кеңінен танылады.
Абайдың адамгершілік қағидалары полиция қызметі үшін де маңызды. Себебі құқық қорғау саласы қызметкерден адалдықты, әділеттілікті, жауапкершілікті және халыққа қызмет етуді талап етеді.
Кітап көрмесі қызметкерлерді ұлы ақынның мұрасымен тереңірек таныстырып, ұлттық әдебиетке қызығушылықты арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Абай мұрасы – уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани қазына.
