Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖ қызметкері қызметі жайлы айтты

Абай облысы бойынша ҚАЖ қызметкері Мадина Сыздықова қызметті, отбасын және шығармашылықты қатар алып жүр, — деп хабайды Polisia.kz.

32 жастағы Мадина Сыздықова — төрт баланың анасы, қылмыстық-атқару жүйесінің жауапты қызметкері әрі музыкаға бала кезінен жақын талантты өнерпаз.

Бүгінде Мадина Сыздықова Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың орташа қауіпсіз мекемесінде босатылатын сотталғандарды тұрмыстық және еңбекке орналастыру жөніндегі аға инспектор қызметін атқарады. Ол сотталғандарды босатуға дайындаумен айналысып, олардың жұмысқа және тұрмыстық жағдайға орналасу мәселелерін шешуге көмектеседі. Бұл олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғам өміріне тезірек бейімделуіне ықпал етеді.

Мадина еңбек жолын 2023 жылы Семей қаласының полиция департаментінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметінен бастаған. 2024 жылы қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметін жалғастырып, сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастығы қызметіне тағайындалды. Кейін босатылатын сотталғандарды тұрмыстық және еңбекке орналастыру жөніндегі аға инспектор лауазымына ауыстырылды.

Қызметтен тыс уақытта Мадина — ең алдымен ана. Ол төрт бала тәрбиелеп отыр. Үлкен баласы 11 жаста, ал кіші егіз қыздары 6 жаста. Жауапты қызмет пен бала тәрбиесін қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен отбасы ол үшін күш-қуат пен қолдаудың басты көзі.

Мадинаның өмірінде музыка ерекше орын алады. Ол музыканттар отбасында өсіп, бес жасынан бастап концерттерде өнер көрсеткен. Сахнаға деген сүйіспеншілігі есейген шағында да жалғасын тапты. Бүгінде Мадина Абай облысы бойынша ҚАЖ департаменті ұйымдастыратын түрлі мерекелік іс-шараларда өнер көрсетіп келеді.

— Менің жұмысымда қызметтік міндеттерді орындап қана қоймай, әр адамның артында оның тағдыры тұрғанын түсіну маңызды. Көптеген сотталғандар жақындары үшін алаңдап, бостандыққа шыққаннан кейін өмірінің қалай өрбитінін білмей уайымдайды. Сондықтан біздің міндетіміз — олардың қоғамға қайта оралуына дайындалуына көмектесу және өмірді жаңа парақтан бастауға болатынына сенім ұялату. Ал отбасым мен музыка маған күш-қуат пен шабыт береді. Мен бала кезімнен өмірімді музыкасыз елестете алмаймын. Мен үшін бұл жай ғана әуестік емес, өмірімнің бір бөлігі. Музыка жан дүниемді тынықтырып, жағымды эмоция сыйлап, күш-қуат береді. Ал үйде төрт бала күтіп отырғанда, күш пен шабыттың шынымен де көп қажет болатыны сөзсіз, — деп бөлісті Мадина Сыздықова.

— Мадина — жауапты, бастамашыл әрі мақсатшыл қызметкер. Қызмет өтілінің көп болмағанына қарамастан, ол ұжымға тез бейімделіп, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ең бастысы, ол сотталғандармен тіл табыса біледі, олардың мәселелеріне және босатуға дайындыққа байланысты сұрақтарына мұқият қарайды, — дейді мекеме бастығының орынбасары Нурболат Сапаргалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру