Абай облысы ПД жартыжылдық жұмыс қорытындысын шығарды
Абай облысы ПД жартыжылдық жұмыс қорытындысын шығарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінде департамент бастығы Эльдар Данияровтың төрағалығымен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалған жедел кеңес өтті.
Кеңеске департамент аппаратының құрылымдық бөлімшелері басшылары, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары қатысты.
Алғашқы алты айдың басты қорытындысы – өңірдегі криминогендік ахуалдың жақсаруы болды. Есепті кезеңде 1 786 қылмыс тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 2 141 болған.
Өткен жылмен салыстырғанда ауыр, орташа және онша ауыр емес қылмыстардың саны азайды. Адам өлтіру қылмыстары екі есеге қысқарды. Сондай-ақ мүліктік қылмыстар да айтарлықтай төмендеді: алаяқтық фактілері 815-тен 622-ге дейін азайып, ұрлық қылмыстарының саны да қысқарды.
Сонымен қатар оң нәтижелер тек профилактикалық жұмыстың арқасында ғана емес, жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін арттыру есебінен де қол жеткізілді. Жартыжылдық қорытындысында қылмыстарды ашу көрсеткіші негізгі бағыттар бойынша жақсарды.
Жұмыс нәтижелеріне баға берген Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров оң көрсеткіштердің ең алдымен халық алдындағы жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.
— Әрбір алды алынған қайғылы оқиғаның, әрбір ашылған қылмыстың және құтқарылған әрбір адамның артында біздің қызметкерлердің күнделікті еңбегі тұр. Дегенмен кез келген статистика тұрғындар өз қауіпсіздігін нақты сезініп, полицияға сенім артқан жағдайда ғана құнды болады. Әрбір бөлімшенің жұмысы дәл осы мақсатқа бағытталуы тиіс, – деді Эльдар Данияров.
Сонымен қатар департамент басшысы қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанып отыруға болмайтынын атап өтті. Кеңес барысында бөлімше басшыларының баяндамалары тыңдалып, жедел ахуал жан-жақты талданып, әрбір аумақтық бөлімшенің жұмысына объективті баға берілді.
Қосымша күшейтуді қажет ететін бағыттарға ерекше назар аударылды. Басшыларға өткен жылдардағы қылмыстардың ашылуын арттыру, профилактикалық жұмысты одан әрі жетілдіру, атқарушылық тәртіпті нығайту, заманауи цифрлық технологияларды белсенді енгізу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Кеңес қорытындысында департамент бастығы әрбір полиция қызметкері заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеке жауапкершілік арқалайтынын атап өтті.
— Біздің басты мақсатымыз өзгермейді – Абай облысын әрбір тұрғын үшін бұрынғыдан да қауіпсіз өңірге айналдыру. Бұл жоғары тәртіп, кәсібилік, талапшылдық және полицияның барлық бөлімшелерінің үйлесімді жұмысы арқылы ғана мүмкін, – деп түйіндеді Эльдар Данияров.
