Абай облысында нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Абай облысында Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінің спортшылары арасында “Жастар нашақорлыққа қарсы, нашақорлықтың алдын алу” тақырыбында профилактикалық іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуге Абай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысып, спортшыларға есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алу және нашақорлыққа қарсы күрес бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жастарға есірткі заттарын қолданудың адам ағзасына тигізетін зияны, есірткіге тәуелділіктің қалыптасуы және оның адамның қалыпты өміріне әсері туралы нақты түсінік берді. Сонымен қатар есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізуге байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жауапкершілік мәселелері айтылды.
Абай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Үкіжанов Думан спортшылармен әңгіме барысында профилактикалық жұмыстың басты бағыты жастарды есірткіге қатысты қауіптерден алдын ала хабардар ету екенін атап өтті.
— Есірткі қылмысының алдын алуда жастармен тікелей сөйлесудің маңызы зор. Себебі есірткі таратушылар көбіне әлеуметтік желілер мен интернет мүмкіндіктерін пайдаланып, жастарды оңай ақша табу туралы ұсыныстармен қызықтыруға тырысады. Мұндай ұсыныстардың артында қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекеттер тұруы мүмкін. Сондықтан кез келген жас күмәнді ұсынысқа бірден келіспей, оның салдарын түсінуі қажет. Біз жастарға есірткінің зияны мен заңсыз әрекеттің жауапкершілігін түсіндірумен қатар, қандай жағдайда сақтық таныту керектігін де айтып келеміз, – деді Думан Үкіжанов.
Полиция өкілі жастардың спортпен айналысуын да профилактиканың тиімді бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде жаттығатын спортшылардың кездесуге қатысуы да осы мақсатпен сабақтасты.
