Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция командасы футбол турнирінің жеңімпазы атанды

Абай облысында мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және әріптестер арасындағы командалық рухты нығайту мақсатында ұйымдастырылған QYZMET CUP футбол турнирі өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Үш айға созылған тартысты додаға барлығы 10 команда қатысып, жасыл алаңда өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында командалар жоғары дайындықтарын көрсетіп, әр кездесуде жеңіске деген жігері мен табандылығын танытты. Тартысты ойындар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй мен әсерлі сәттер сыйлады.

Турнир қорытындысы бойынша Абай облысы полиция департаментінің командасы үздік нәтиже көрсетіп, QYZMET CUP чемпионы атанды. Полиция қызметкерлері жарыс бойы ұйымшылдығымен, шеберлігімен және командалық үйлесімділігімен ерекшеленіп, чемпиондық атаққа лайық екенін дәлелдеді.

Команда мүшесі Қуаныш Зарипов турнирдің өту барысы мен команданың жеңісі туралы өз пікірін білдірді.

– Бұл турнир біз үшін маңызды әрі есте қаларлық жарыс болды. Үш ай бойы әр ойынға тыңғылықты дайындалып, әр кездесуде бар күшімізді салдық. Алаңда жеке шеберлікпен қатар, ең алдымен командалық бірлік пен өзара қолдау маңызды болды. Жеңіске жету жолында әр ойыншының еңбегі бар. Командадағы ауызбіршілік пен ортақ мақсатқа жұмылуымыз чемпион атануға үлкен ықпал етті. Бұл жеңіс – ортақ еңбектің нәтижесі. Барлық командаларға тартысты ойын үшін алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да спорттық сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетуге тырысамыз, – деді ол.

Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

1-орын – Абай облысы полиция департаменті;
2-орын – Төтенше жағдайлар министрлігі;
3-орын – Семей қаласының әкімдігі.

Сонымен қатар жарыста жеке шеберлігімен ерекшеленген ойыншылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.

"Үздік ойыншы" номинациясы полиция қызметкері Арын Берказға табысталды. Ол турнир барысында жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, команданың жеңісіне елеулі үлес қосты.

"Үздік қақпашы" аталымына Ұлан Акашев лайық деп танылды. Оның қақпадағы сенімді ойыны, маңызды сәттердегі шеберлігі мен командасын қиын кезеңдерде қолдауы жоғары бағаланды.

Айта кетейік, QYZMET CUP турнирінде жеңіске жеткен Абай облысы ПД командасы 16-18 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында өтетін ІІМ шағын футбол чемпионатында өңір намысын қорғайды.

QYZMET CUP – тек спорттық бәсеке ғана емес, мемлекеттік қызметшілер арасындағы достық қарым-қатынасты, өзара ынтымақтастық пен командалық байланысты нығайтатын маңызды алаң. Мұндай жарыстар қызметкерлердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру