Абай облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шара өткізілді
Абай облысының Мақаншы ауданында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың түнгі уақытта заң талаптарын сақтауы және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейдке полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері қатысып, аудан аумағындағы ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарға бақылау жүргізді. Іс-шара барысында сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, сондай-ақ сағат 23:00-ден кейін қоғамдық орындарда жүрген кәмелетке толмағандарды анықтауға басымдық берілді.
Мұндай рейдтердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, олардың түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтарға әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеу.
Сонымен қатар рейд аясында ауыл тұрғындарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі жөнінде ақпарат берілді.
Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында тұрғындар арасында 400-ден астам ақпараттық парақша таратылды. Ақпараттық материалдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын орындаудың маңыздылығы қамтылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай профилактикалық іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
