Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында салауатты өмірді таңдаған ауылдар қатары артуда

Абай облысындағы Қызылбұлақ ауылы "алкогольсіз ауыл" мәртебесіне ие болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы Мақаншы ауданындағы Қызылбұлақ ауылы "алкогольсіз ауыл" ретінде танылып, өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл мәртебе – жай ғана атақ емес, ауыл тұрғындарының саналы таңдауы мен ауызбіршілігінің нақты көрінісі.

Аталған бастама ең алдымен халықтың денсаулығын нығайтуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және болашақ ұрпақтың жарқын өмірін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Қызылбұлақ тұрғындары бұл жетістікке өзара түсіністік пен ортақ мақсатқа деген жауапкершіліктің арқасында қол жеткізген. Ауыл халқының айтуынша, бұл мәртебе олар үшін тек мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік жүктейді.

— Біз, Қызылбұлақ ауылының тұрғындары, салауатты өмір салтын таңдадық. Бұл — болашаққа деген сенімді қадам. Келер ұрпаққа дұрыс бағыт көрсету – басты міндетіміз. Бірлігіміздің арқасында ауылымызда тыныштық пен береке орнады, — дейді тұрғындар.

Бүгінде ауылда 210 тұрғын, 56 аула бар. Халық игілігі үшін бір фельдшерлік-акушерлік пункт пен 11 жылдық мектеп жұмыс істейді. Бұл нысандар тұрғындардың өмір сапасын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау саласының қолжетімді болуы ауылдың тұрақты дамуына негіз болып отыр. Ал жергілікті дүкендерде алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Скендіров Ақжол Жайлаубекұлы бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті:

— Алкогольсіз өмір салты — тек жеке таңдау емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ықпал ететін маңызды фактор. Қызылбұлақ тұрғындарының бірлігі — ауылдағы тыныштықтың кепілі. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырамыз, — деді ол.

Ауыл әкімі Касенов Кабыл Сабырұлы да бұл жетістіктің негізінде халықтың бірлігі жатқанын атап өтті:

— Қызылбұлақ ауылының «алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болуы — тұрғындардың саналы таңдауы мен ынтымағының айқын дәлелі. Басты мақсатымыз — ауылды одан әрі дамыту, әр тұрғынға қолайлы орта қалыптастыру және жастарға жарқын болашақ сыйлау, — деді әкім.

Бүгінде Қызылбұлақ ауылында қоғамдық тәртіп нығайып, жастар спортқа, білімге және қоғамдық өмірге белсенді араласуда. Отбасылық құндылықтар бекіп, тұрғындар арасында өзара сыйластық пен сенім қалыптасқан.

Жалпы, Қызылбұлақ ауылының тәжірибесі — өзге елді мекендер үшін үлгі боларлық бастама. Бұл — қоғамдағы бірлік пен жауапкершіліктің, салауатты өмір салтына деген ұмтылыстың нақты көрінісі.

Салауатты өмір — саналы ұрпақтың кепілі. Қызылбұлақ — бірлік пен жарқын болашақтың айқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру