Абай облысында полиция 8 рет ереже бұзған кортеж жүргізушілерінің жолын кесті
Абай облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Ақсуат ауданындағы той кортежіне қатысқан көліктердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсуат ауданының Қабанбай көшесінде Toyota және Hyundai Tucson екі автокөліктің жүргізушілері қос тұтас жолақ сызығын кесіп өтіп, қарсы бағытқа шыққан. Сонымен қатар бейнежазбада қозғалыстағы көліктің есігіне жолаушының отырып алғаны анық көрінеді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Полицейлер құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық тұлғаны анықтап, заңнамаға сәйкес шара қабылдады. Нәтижесінде екі жүргізушіге қатысты маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, авариялық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау бойынша барлығы 8 әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды.
Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамаған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды тұрақты түрде бақылап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректеріне құқықтық баға беріп келеді.
Той – қуаныштың белгісі. Алайда мерекелік көңіл күй жолдағы қауіпсіздік талаптарынан жоғары тұрмауы тиіс. Бір ғана қауіпті маневр адам өмірі мен денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
Полиция жолдағы қауіпсіздік баршаға ортақ жауапкершілік екенін еске салады. Заң талаптарын бұзған әрбір әрекетке себеп-салдарына қарамастан құқықтық баға беріледі.
