Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандар компьютерлік сауаттылықты меңгере алады

Абай облысы ҚАЖД-ға қарасты №23 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған әйелдер енді компьютерлік сауаттылықты меңгере алады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталған әйелдердің көпшілігі білімінің аздығынан, оның ішінде әлеуметтік жағдайының төмендігіне байланысты мұндай мүмкіндікке жете алмады.

– Бостандыққа шыққаннан кейін әрбір сотталғанға компьютерлік сауаттылық қажет, өйткені барлық мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және компьютерлендіру кезеңінде олар көрсететін қызметтері осы білімді талап етеді. Халыққа қызмет көрсету орталығында қарапайым анықтамалар мен құжаттарды алу, тіркеу және жәрдемақы алу, жұмыс іздеу, жұмысқа орналасу, банк қызметтеріне сүйенген жағдайда жүзеге асыру – компьютерлік сауаттылықты талап ететін мемлекеттік қызметтердің қысқаша тізімі ғана, – деп түсіндірді мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Анара Сабиева.

Сотталған әйелдер бұл бастаманы үлкен қызығушылықпен және ілтипатпен қабылдап, сабаққа ықыласпен қатысып, ұйымдастырғандары үшін алғыстарын білдірді.

– Бұған дейін біз мұның барлығын тек теориялық түрде ғана өтсек, енді компьютерде отыра аламыз. Қазір де оқуды жалғастырудамын. Бостандыққа шыққан соң жұмысқа тұру үшін түйіндеме құрастырып жатырмын, – дейді сотталған Александра.

Александра жазасын өтеп жатқанына 6 жылдан асты, аса ауыр қылмысы үшін сотталған. Бұрын еш жерде оқымаған, алғашқы білімін мекеме қабырғасында алған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру