Абай облысында жастарға есірткі қылмысының алдын алу сабағы өтті
Абай облысында жастарға есірткі қылмысының алдын алу сабағы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Қазақстан инновациялық академиясының жоғары колледжі" студенттерімен кездесіп, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған қауіпсіздік сабағын өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға есірткінің адам денсаулығы мен болашағына тигізетін кері әсерін түсіндіру, есірткі қылмысының алдын алу және заң талаптарын насихаттау.
Полицейлер студенттерге есірткіге тәуелділіктің салдары, психобелсенді заттардың қауіптілігі және күмәнді ұсыныстарға ермеудің маңыздылығы туралы түсіндірді.
Кездесу барысында жастарды соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы заңсыз әрекетке тартудың кең таралған тәсілдеріне, атап айтқанда, "қойып кетуші" немесе «есірткі жасырушы" болуға үгіттейтін ұсыныстарға ерекше назар аударылды. Құқық қорғау қызметкерлері мұндай әрекеттердің көбіне жеңіл ақша табу туралы жалған уәделерден басталатынын айтып, оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов студенттерге есірткі қылмысына қатысу оңай табыс көзі емес, заң алдында қатаң жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет екенін түсіндірді.
- Жастардың есірткі қылмысына тартылуы көбіне әлеуметтік желілердегі жалған уәделер мен жеңіл табыс туралы ұсыныстардан басталады. Алайда бір сәттік қызығушылық немесе ақша табу ниеті адамның болашағына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. "Қойып кетуші" болу – жай ғана біреудің тапсырмасын орындау емес, заңмен қатаң жазаланатын қылмысқа қатысу. Сондықтан кез келген күмәнді ұсыныстан бас тартып, өз қауіпсіздігіңіз бен болашағыңызды бірінші орынға қойған жөн, – деді Думан Үкіжанов.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, есірткі қылмысының алдын алу, заң талаптары мен жауапкершілік мәселелері бойынша нақты жауаптар алды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, есірткі қылмысының алдын алуда құқық қорғау органдарымен қатар білім беру ұйымдары мен ата-аналардың да рөлі ерекше. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпті ортадан қорғау – баршаға ортақ міндет.
