Абай облысында жастарға полиция қызметі таныстырылды
Абай облысында жастарға полиция қызметі таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлихан Бөкейхан университетінде Абай облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы (ЖҚАЖ) мен кадр жұмысы басқармасының қызметкерлері студенттермен кездесті. Іс-шара барысында ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, кәсіби даярлық пен мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында "Заң мен тәртіп" қағидатын кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Отанға адал қызмет ету құндылықтарын дәріптеу және полиция қызметіне орналасу тәртібін түсіндіру.
Студенттерге ішкі істер органдарына қызметке орналасуға арналған qyzmet.police.kz платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Мамандар аталған ресурс арқылы қажетті құжаттарды онлайн тапсыруға және іріктеу кезеңдерінен өтуге болатынын түсіндіріп, үміткерлерге қойылатын талаптар жөнінде ақпарат берді.
Кездесудің ерекше бөлігі – жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен өткен ашық пікір алмасу. Арнайы бөлімше өкілдері өз қызметінің ерекшеліктері, дене дайындығы мен психологиялық тұрақтылықтың маңызы, сондай-ақ жедел шешім қабылдау және командалық жұмыстың рөлі туралы айтып берді.
Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметіне қойылатын талаптар, кәсіби даярлық, тәлімгерлік жүйе және мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде нақты жауаптар алды.
Іс-шара барысында жас мамандарды қолдау, кадрлық резервті толықтыру және ішкі істер органдарына білікті жастарды тарту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
– Ішкі істер органдарында қызмет ету – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылатын маңызды үлес. Бұл үлкен жауапкершілікпен қатар, кәсіби тұрғыдан дамуға және қоғам игілігіне қызмет етуге мүмкіндік беретін абыройлы мамандық, – деді кадр жұмысы басқармасының өкілдері.
Кездесу соңында студенттерге полиция қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы түсіндірілді. Жастарға бағытталған мұндай іс-шаралар ішкі істер органдары мен жас буын арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, мемлекеттік қызметке қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді.
