Абақтыға тыйым салынған затты кіргізбек болған әйел ұсталды
Жамбыл облысында абақтыға тыйым салынған затты кіргізбек болған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қатаң тәртіптегі ЖД-158/4 мекемесінде орын алған. Мекеме аумағына кіргізуге тыйым салынған затты кіргізбек болған азаматшаның қитұрқы әрекетін режим бөлімі тексеру тобының бақылаушысы Бағлан Тілеу, тексеру бөлмесінің жедел уәкілі Назгүл Жампозова және 5513 әскери бөлімінің бақылаушысы Ақнұр Джалишева әшкереледі.
Мамандар түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан ұлымен ұзақ мерзімді кездесуге келген азаматшаның косметикалық бұйымдарын тексеру барысында «Beeline» байланыс операторына тиесілі бір дана sim-картаны тауып, тәркіледі. Қазіргі таңда бауыр еті баласы үшін заңбұзушылыққа барған 53 жастағы азаматшаның үстінен ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 481 бабы бойынша тиісті құжаттар толтырып, іс сотқа жолданды.