Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Адам өлтіру бабы бойынша сотталған ер адам сүйіктісіне тәттілер пісірді

Қатаң режимдегі колонияда өз жазасын өтеп жатқан кондитер сүйікті жарына Ғашықтар күніне сыйлық жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түрмеде жазасын өтеуші сотталған 6-разрядты тағам дайындау бойынша кондитер-технолог, Қазақстан Республикасы Аспаздар қауымдастығының мүшесі – Нұрсұлтан сүйіктісін Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнімен ерекше түрде құттықтауға бел буды. Ол жүрекше пішінді тәттілерді пісіріп, жақында досы арқылы сүйіктісіне сыйлық жіберген.

– Менің идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік берген мекеме басшылығына алғысым шексіз. Мен дүкеннен сыйлыққа қажетті заттарды сатып алдым. Өндірістік цехтардағы жігіттер қорапшамен көмектесті. Ал досым дайын сыйлықты алып кетті. Сүйіктіме мені ешбір сыйлық алмастыра алмайтынын білемін, бірақ қазір қолымнан келетіні осы ғана. Ол менің сол қаралы күні басқаша істей алмағандығымды түсінеді және мені қолдайды, – дейді Нұрсұлтан.

Нұрсұлтанның әйелі де кондитер. Ол Алматыдағы “Нәзік” кондитерлік фирмасында жұмыс істейді.

– Менің тәттілерім оған ұнайды деп үміттенемін, өйткені олардың ішінде қант пен жұмыртқа ғана емес, менің махаббатым мен болашағымызға деген үмітім де бар. Мен оның алдында өзім үшін, отбасым үшін және балаларымыз үшін қарыздармын, – деп сөзін аяқтады сотталған.

Нұрсұлтан адам өлтіргені үшін 11 жылға сотталды. Мекемеде 2019 жылдан бері жазасын өтеп келеді. Бүгінде оның ұлы мен қызы бар.

– Біз әрқашан сотталғандардың қоғамдық-пайдалы байланыстарын қолдаймыз. Олардың отбасы мен жақындары жайлы ойлап, уайымдағандары жақсы. Туыстары мен әйелі Нұрсұлтанға жиі келіп тұрады. Ол шынымен де өз жұмысын өте жақсы біледі және тиянақты атқарады, – дейді ОВ 156/14 мекеме бастығының орынбасары Айдын Қалелов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру