Адам саудасына қарсы күрес: Маңғыстаудан Алматыға дейін үгіт-насихат пойызы жолға шықты
Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі халықаралық бастамаларды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 24–30 шілде аралығында "Адам саудасы – ауыр қылмыс!" тақырыбында ауқымды ақпараттық науқан өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Науқанның негізгі мақсаты – қоғамның назарын адам саудасы мәселесіне аудару, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, адамдарды қылмыстық қанауға тартудың заманауи тәсілдері туралы ақпарат беру және зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру.
Ақпараттық науқан аясында ішкі істер министрлігі еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс бағыттары бойынша төрт үгіт-насихат пойызын іске қосты. Солардың бірі Маңғыстаудан Алматыға дейін қатынап, жол бойындағы жолаушылармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Пойыз құрамындағы полиция қызметкерлері, заңгерлер және өзге де мамандар жолаушыларға тегін құқықтық кеңес беріп, анонимді сауалнама жүргізеді, сондай-ақ адам саудасының белгілері, одан сақтану жолдары және көмек алу тетіктері туралы ақпараттық материалдар таратады.
Аталған іс-шаралар адам саудасының алдын алуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға бағытталған.
