Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әйелдің басынан таспен ұрып, сөмкесін тартып алмақ болған ер адам қамалды

Ескелді ауданында тапа-тал түсте аудан орталығының көшесінде ауыр дене жарақатын салып, адам тонаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

28 қыркүйекте Ескелді ауданында шамамен сағат 15:30 шамасында үйіне келе жатқан жолда 52 жастағы әйелге белгісіз біреу шабуыл жасап, қолындағы сөмкесін алып қашуға әрекет еткен. Сөмкені жібермейтінін түсінген күдікті азамат алдын ала дайындап алған таспен әйелдің басынан соққы жасаған. Дегенмен, зардап шегуші әйел ішінде қомақты қаржы бар қол сөмкесінен айырылмай, өзгелерді көмекке шақырған. Күдікті оқиға орнынан із суытуға тырысқан.

– Күдікті бой тасалауға тырысқанымен, көшедегі куәгер азаматтардың көмегімен ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін адам өлтіру, ұрлық деректері бойынша бірнеше мәрте сотталған 44 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Оқиға орнынан күдікті пайдаланған тас тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес кісі тонауға оқталу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Ескелді ауданы Полиция бөлімінің бастығы Жанат Құдайбергенов.

Зардап шегуші өзіне жасалған шабуыл кезінде алған дене жарақатымен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің ішімдікке сылқия тойып алып, қылмыс жасағаны белгілі болды. Полицейлер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеруде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру