Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке үмітін ақтаған

Ішкі істер саласында ер-азаматтардан қалыспай, қыз-келіншектер де міндеттерін адал, абыроймен атқарып жүр. Polisia.kz сайтының редакциясы осындай нәзік жандардың бірі – Айнұр Бозахаева туралы айтып бермек.

Ол полиция қызметкері болуды бала кезінен алдына мақсат етіп қойған. Ол Атырау қаласындағы мектеп-гимназияны үздік бітірген соң, 2002 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына оқуға түсіп, 2006 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп, қызыл дипломмен туған жеріне оралды.

-Жастайымнан әкем сияқты полицей болсам деп армандайтынмын. Академияны үздік бітіргенімді естігенде ата-анам, әсіресе әкем қатты қуанды. Әкем – Марат Бозахаев ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін қызыл дипломмен бітіріп, бар саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған жан, – дейді ол.

Айнұр еңбек жолын 2006 жылы Атырау қалалық Ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастады. 2015 жылдан бері облыстық Полиция департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушы қызметін абыроймен атқарып келеді.

-Ішкі істер органдарының қай саласы да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оқу бітіріп келгенімде, қалалық ІІБ тергеу бөліміне тергеуші етіп тағайындады. Ең алғашқы тергеген қылмыстық ісім әлі есімде. Қаладағы бірнеше үйге ұрлыққа түсіп, бағалы заттар, алтын бұйымдар мен ақшаны қолды еткен күдікті бұрын сотталған, көршілес БҚО облысының тұрғыны болып шықты. Менің жастығымды пайдаланып, тергеу барысында қылмысын мойындамай бақты. Бірақ, жан-жақты жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесінде ұзамай “гастролер” жігіттің жасаған қылмыстары дәлелденіп, іс сотқа жіберілді. Теорияны жетік меңгеріп, оқуды қанша жерден жақсы бітіргенмен, тәжірибе керек, менің тергеу жүргізуге баулыған тәлімгерлерім мықты болды. Солардың бірі, бүгінде зейнет демалысына шыққан қызметкер – Талғат Молдабаев. Ол мені “тергеуші әрбір ұсақ-түйекке мән беруі тиіс, нәтижеге қол жеткізем десең, қызметіңді жауапкершілікпен атқару керек. Қылмыстық істерді тергеуді сауатты, сапалы жүргізіп, уақтылы процессуалдық шешім қабылда” деп үйретті, – дейді Айнұр ұстазы Талғат Молдабаев туралы.

Айнұр Бозахаева 1985 жылғы 30 қаңтарда Марат пен Клара Бозахаевтардың отбасында дүниеге келген. Әкесі Марат Бозахаев ішкі істер органдарында 40 жылға жуық аянбай еңбек етті. Бүгінде ол ІІМ зейнеткері болып табылады.

– Кәмелетке толмағандармен жұмыс тобында қызмет ету кезінде түрлі жайттарға куә болдық. Адамдармен, әсіресе кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен тығыз байланыста болдық. Мысалы, бізде есепте тұрған апалы-інілі, бір үйдің екі баласы болды. Әкелері жоқ, анасы ертеден кешке дейін жұмыста. Сегіз жастағы қыз алты жастағы інісімен үйден шығып кетіп, қаңғыбастықпен айналысады. Бір емес, бірнеше рет жүрген жерінен тауып алдық. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына да орналастырдық. Қоймайды. Содан, бір күні олар тұратын көп қабатты үйдің ауласына әдейі барып, кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, сөйлестім. Аналарының табысы аз, жағдайлары төмен, балалар көше кезіп жүруді әдетке айналдырған. Қыз баламен оңаша, аулада отырып әңгімелестік. Келесі күні әріптестеріммен жиналып, азық-түлік, киімдер апарып бердік. Құжаттарын жинақтап, әкімдіктегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға шығардық. Жан-жақтан қолдап, аталған отбасыға қамқорлық көрсетілді. Балаларда бізге үйренді, бұрынғыдай қаңғыбастықпен айналыспайтын болды. Жалпы, жасөспірімдермен жұмыс барысында түрлі отбасыларды көрдік, қолайсыз отбасы, ішімдікке салынған ата-ана, қараусыз бала, есепте тұрған жасөспірімдер сияқты мәселелер көп, олардың құқықтық тәртіпті бұзбауына, қылмысқа жол бермеуіне жауап бересің, тұрмыстарына араласасың, олардың түзу жолға түскендерін көргенде қатты қуанып, жұмысқа деген құлшыныс пайда болатын, – дейді Айнұр.

Қызмет пен отбасының берекесін үйлестіріп отырған Айнұр Маратқызы балалары Әмина мен Ерасылына мейірімді ана.

– Ішкі істер органдарында 19 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Құқық бұзушылықтың алдын алып, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуге өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан етемін, –  дейді Атырау облысы Полиция департаменті Анықтау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы Айнұр Бозахаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру