Алаяққа алданып қалма!
Алматы облысының Криминалдық полицейлері қалай алаяқтықтың құрбаны болмаудың жолдарын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Алаяқтық» ұғымы сан түрлі саладағы көптеген заңсыз іс-әрекеттерді қамтиды. Оның ішінде банк саласы бойынша несие, жылжымайтын мүлік, ақшамен жасалатын алаяқтық. Қазіргі таңда алаяқтық жасаудың жолдары күн сайын артып келеді. Басты себебінің бірі – заманауи технологиялардың дамуы: әлеуметтік желі, ұялы байланыс, онлайн-шопинг және банкинг. Сонымен қатар, алаяқтықтың дәстүрлі тәсілдері де азаяр емес.
«Сақтансаң, сақтайды» деген қағидатты басшылыққа ала отырып, біз азаматтарды алаяқтық тәсілдердің ең көп таралғандарымен және көп қолданылатындарымен таныстырамыз. Сондай-ақ, олардан қалай сақтану қажет екенін түсіндіреміз. Кез-келген құқық бұзушылық әрекетті болдырмау мақсатында азаматтардың өте қырағы және әрекеттеріне мұқият болуы қажет» – деді Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дәурен Сакенов.
Жыл басынан бері Алматы облысында 438 алаяқтық дерегі тіркелген. Өткен жылы алаяқтыққа қатысы бар 1761 қылмыс жасалған. Алаяқтық қылмыстарға талдау жасау барысында ең көп таралған алаяқтық түрі – банк жүйесінде, оның ішінде онлайн несие рәсімдеу және қаражатты онлайн түрде алу қылмыстары жасалатыны белгілі болды. Атап айтқанда, есепшоттағы қаржыны көбейту туралы әлеуметтік желілерде хабарландыру орналастырып алғашқы жарна енгізуін сұрайды. Мысалы, букмекерлік кеңселерде ұтылыссыз салымдар туралы сайтта хабарландыру орналастырылып, ұтыс алу үшін киви-әмияндағы нөмірге алғашқы жарна аудару қажет екені айтылады. Содан кейін салым бойынша оң нәтиже бар екенін жеткізіп, толық ұтысты алу үшін келісілген соманың барлығын киви-әмияндағы нөмірге аудару талап етіледі. Қажетті сома аударылған соң алаяқтар аккаунтты жойып жібереді.
Қылмыстың осы түрінің алдын алу үшін танымайиын адамдарға қаржы аудармау қажет. Тіпті олар ұтылыссыз салымдар бойынша үлкен момадағы қаржы алу туралы уәде берсе де, алданбау қажет.
Әлеуметтік инженерия – алаяқтықтың басым бөлігі телефонмен, яғни абонентті лотореядағы ұтысы туралы хабарландыру арқылы жүзеге асырылады. Алаяқ жымысқы ойын іске асыру кезінде өз құрбанының телефонына оның белгілі сомада қаржы ұтып алғаны туралы СМС хабарландыру жолдайды. Осыдан кейін ол ақшалай ұтысты жолдау үшін карталық есеп-шоттың қажет екенін алға тартып, құрбанының банк карточкасының жеке нөмірлері мен жасырын кодын сұрайды. Әдетте, азаматтар бұның барлығы алаяқтардың әрекеті екенінен бейхабар болады. Ал, қылмыскер банктік карта иесінің барлық мәліметтерін алған соң, интернет банкинг жүйесі арқылы оның есеп-шотындағы барлық қаражатты өзіне аударып алады.
Алаяқтықтың осы түрі бойынша өзінің жеке деректерін және банк карточкасы туралы мәліметтерді белгісіз тұлғаларға бере отырып, азаматтар өзінің ақшасынан айырылуы мүмкін екенін ұғынуы керек. Ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу туралы қауіпсіздік шарасын банк карточкасын ресімдеу және алу кезінде шарттарда көрсетіледі.
Банк саласындағы қауіпсіздік шаралары:
– картаңызды қолжетімсіз жерде сақтау
– дербес деректерді белгілі бір операцияларды жүргіземін деген бөтен тұлғаларға бермеу
– қауіпсіз жерлерде, банк бөлімшелерінде, ірі сауда кешендерінде, қонақ үйлерде, әуежайларда орнатылған банкоматтарды пайдалана отырып, операцияларды жүзеге асыру.
– тауарларға немесе қызметтерге телефон арқылы тапсырыс беру кезінде құпия кодты пайдаланбаңыз
– Банкпен ақпараттық өзара іс-қимылды тек сіздің банктегі құжаттарыңызда көрсетілген байланыс құралдарын (ұялы телефондар, стационарлық телефондар, электрондық пошта) пайдалана отырып жүзеге асырыңыз.
– өз шоттарыңыздағы қаражат қозғалысын және жүргізілетін операцияларды бақылаңыз. Мұны біріншіден, телефон арқылы арнайы қызметті қосу арқылы жасауға болады, екіншіден, онлайн режимінде Жеке кабинет арқылы, үшіншіден, сіз жасаған операциялар бойынша барлық үзінділер мен түбіртектерді сақтау арқылы жүзеге асыруға болады.
– банк картасы жоғалған немесе ұрланған жағдайда дереу банк қызметкерлеріне хабарлаңыз және картаны бұғаттаңыз.
АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК!!!
– банк карточкасының және жеке куәлігіңіздің екі жағының суретін бейтаныс адамдарға жібермеңіз.
– абоненттік нөміріңізге келіп түскен смс-кодтарды үшінші тұлғаларға жібермеңіз.
– жеке құжаттарыңызды өзгелерге жібермеңіз, ұйымның шынайылығына көз жеткізіңіз
– бейтаныс адамдардың Qiwi әмиянына ақша қаражатын салмаңыз
– тауарды сатып алу (сату) кезінде, сондай-ақ интернет сайттар бойынша ұзақ және қысқа мерзімге пәтерді жалға алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз.