Әлеуметтік желідегі видео түнгі отшашуды ұйымдастырған азаматты анықтауға көмектесті
Қарағандыда мейрамхананың ашылуына орай түнгі уақытта отшашу ұйымдастырған азамат полиция назарына ілікті. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінің ашылу рәсімінен түсірілген бейнежазбаға назар аударды. Кадрларда түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдар қолданылып, отшашу ұйымдастырылғанын байқауға болады.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде отшашуды ұйымдастырған азамат анықталды. Ол – 46 жастағы қала тұрғыны. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, жинақталған материалдар сотқа жолданды.
Бұл – әлеуметтік желілер арқылы анықталған осындай фактілердің бірі. Жыл басынан бері Қарағанды облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзып, белгіленбеген орындарда отшашу ұйымдастыруға байланысты төрт дерек анықталды. Барлық құқық бұзушы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарымен қатар, заңнамада белгіленген тәртіпті сақтауға шақырады. Мерекелік көңіл-күй айналадағы тұрғындардың тыныштығына кедергі келтірмеуі тиіс.
Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастырады. Ашық дереккөздерде жарияланған бейнежазбалар мен басқа да материалдар арқылы анықталған әрбір құқық бұзушылық бойынша заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
