Алматы облысынан жалпы сомасы 15,1 млн теңгені құрайтын малды барымталағандар қамауға алынды
Алматы облысында жалпы сомасы 15,1 млн теңгені құрайтын 20 бас жылқыны барымталағандар қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 сәуірде Кеген ауданының полиция бөліміне Сарыкөл ауылының 59 жастағы тұрғыны Қарқара кентінің маңындағы жайылымнан құны 15,1 млн теңге болатын 20 бас жылқысының ұрланғаны жайында арызданған болатын.
Дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі 2-тармағының (Мал ұрлау) белгілері бойынша аудандық полицияның СДТБТ-да тіркелді.
Аталған дерек бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Алматы облысы ПД КПБ қызметкерлері Кеген ауданы КПБ қызметкерлерімен бірлесіп, 18 мамыр күні 28, 27 және 26 жастағы үш күдіктіні ұстады.
Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азаматтардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Ұрланған мал Түркістан облысының Қарабұлақ ауылынан табылып, тәркіленді. Ұсталғандарға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы таңдалды.