Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жезқазғанда түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 100-ден астам жасөспірім анықталды

Жезқазған қаласының полиция басқармасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз, үйлерінен тыс жерде және ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бермеу бойынша профилактикалық тексеріс өткізді. Жыл басынан бері Жезқазғанда түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 100-ден астам жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар тарапынан жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау және алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сататындарды анықтау.

– Сенбі және жексенбі күндері түнгі қалада серуен құрып, ойын-сауық орталықтарында компьютерлік ойын ойнап уақыт өткізетін жасөспірімдер қатары көп. Жыл басынан бері полиция басқармасының ювеналды полиция тобының қызметкерлері түнгі уақытта жүрген 115 кәмелетке толмағанды анықтап, олардың ата-анасына Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша хаттама толтырды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу ата-аналық міндеттерді орындамау бойынша 15 факті анықталып, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша жауапқа тартылды, – деді Жезқазған қаласының полиция басқармасы ювеналды полиция тобының инспекторы Азат Есенғабылов.

Ювеналды полиция қызметкерлерімен профилактикалық есепке қараусыз және панасыз санаты бойынша екі кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желі арқылы электрондық темекіні сатудың 3 фактісі анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру