Алматы облысының полицейлері есірткіге қатысты 104 құқық бұзушылықты анықтады
Жыл басынан бері Алматы облысының полицейлері есірткіге қатысты 104 құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаров брифингте айтып өтті.
– Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде біз жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргіземіз. Жыл басынан бері есірткіге қарсы бағыттағы 265 профилактикалық іс-шара өткізілді. 26 мамырдан 26 маусымға дейін созылған есірткіге қарсы айды өткізу кезеңінде ғана «Есірткісіз болашақ» аясында 70 іс-шара өткізілді, – дейді А. Қайсаров.
Жыл басынан бері 104 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 58 қылмыс, атап айтса 27 дерек есірткі заттарын сату, 23 аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының сақтау деректері бар. Сонымен қатар есірткінің синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына байланысты 46 дерек анықталды. Жыл басынан бері облыс аумағында 10 зертхана жойылып, заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленді.
– Бұдан бөлек, біздің қызметкерлер интернет-кеңістікте де жұмыс істейді. Осы жылдың басынан бастап мониторинг нәтижесінде бұғаттау мақсатында есірткі заттарының жарнамасы бар 66 сілтеме «Киберқадағалау» бағдарламасына енгізілді, – деп толықтырды А. Қайсаров.
Айта кету керек, есірткі қылмысына қарсы полицейлер тұрақты түрде заңсыз дайындалған синтетикалық есірткі құралдарды және есірткі өндіру бойынша жасырын зертханаларды анықтап жолын кесуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізіліп жатыр.