Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында ауылдасының көлігін ұрлап, бөлшектеп тастаған күдікті ұсталды

Алматы облысында ауылдасының көлігін ұрлап, бөлшектеп тастаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы Ақсу ауданының тәртіп сақшылары кәсіби шеберлік танытып, ұрлаған көлігінің ізін ерекше тәсілмен жасыруға тырысқан күдіктіні қолға түсірді.

Оқиға Ақсу ауданында орын алған. Вахталық әдісте қызмет атқаратын тұрғын үйіне оралғанда, ауласындағы жеңіл көлігінің қолды болғанын байқаған. Ол бірден полицияға арыз берген.

Көліктің ақауы болғандықтан, жүрмей тұрғанын анықтаған тәртіп сақшылары оның алысқа кетпеуі мүмкін деген пайыммен жақын маңды аралап, шолу жасайды.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 19 жастағы жергілікті тұрған ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын мойындап, көліктің шашылған бөлшектерін көрсетті, – деп хабарлады Ақсу АПБ бастығының орынбасары Нұржан Кеңесханұлы.

Полиция өкілінің айтуынша, күдікті ұрлаған көлігін үйінің ауласына апарып, бөлшектеп тастаған. Оның сатуға жарамды кейбір бөлшектерін сатып жібергені анықталды. Көліктің ізін жасыру мақсатында оның шанағын майыстырып, темір қабылдаушыларға өткізуге дайындаған. Алайда ол ойы іске аспады.

– Көлік иесіне 2 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Қазір күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Көліктің бөлшектері тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді, – деп толықтырды Нұржан Кеңесханұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру