Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында балабақша бүлдіршіндері “Жас бүркіт” қатарына қосылды

Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы “Өркениет” балабақшасының бүлдіршіндерін “Жас бүркіт” әскери-патриоттық қозғалысына қабылдау іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оған Ұлттық ұланның “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешев, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Алматы облысы Жамбыл ауданы білім бөлімінің өкілдері және “Өркениет” бөбекжай балабақшасының ұжымы мен бүлдіршіндер қатысты.

Мұндағы басты мақсат – бүлдіршіндердің бойына патриоттық сезімнің дәнегін егіп, оларды елін қорғайтын ер азамат ретінде тәрбиелеуге атсалысу.

Шараның шымылдығын ашқан Жамбыл аудандық білім бөлімінің бас әдіскері Салтанат Аденова әлеуметтік желіде тараған балабақша бүлдіршіндерінің өнерін бағалап, қолдау білдіріп, құттықтап келіп отырған Ұлттық ұланның басшылығына ризашылығын білдірді.

– Әлеуметтік желі деген үлкен күш болып тұр. Сол арқылы біздің балабақшамыздың жұмысы бүгінде республикаға тарап отыр. Он жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан ұжым ауданымыздағы ең ірі балабақшалардың бірі. Мұнда 200-ден аса бала тәрбиеленеді. Бұл мекеменің әлеуеті өте жоғары, бүлдіршіндеріміз облыста және ауданымызда өтетін қоғамдық шараларға белсенді түрде қатысады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, балаларды патриоттық рухта тәрбиелеп жатқан жұмысымызға көніл аударған Ұлттық ұланның басшыларына көп рақмет!, – деді Салтанат Аденова.

“Өркениет” бөбекжай балабақшасында қонақтар балалардың ұйымдастыруымен өткен салтанатты концертті тамашалады. Балабақшаның жас өнерпаздары әртүрлі жанрдағы әндерін орындап, ұлттық биден шашу шашты. Соның ішінде патриоттық тақырыптағы әндер жас таланттардың орындауында шырқалды. Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміндегі “Генерал” тобының солисті Мәди Мақажанов “Адай” күйін орындады. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисті Фархат Кубиев балабақша ұжымы және бүлдіршіндермен бірге қазақ жүрегінің жырына айналған “Атамекен” әнімен бағдарламаның шымылдығын жапты.        

Ниязтай Әлкешев концерт соңында болашақ Отан қорғаушыларға өзінің ізгі тілегін білдіріп, кішкентай ғана бүлдіршіндерді патриоттық рухта тәрбиелеп отырған ұжым басшысы Ақмарал Ғұмарқызына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары “Халық қаһарманы” Қайрат Үмбетовтің және балалардың таланттарына қанат бітіріп жүрген балабақша тәрбиешісі Айнұр Мақсатқызына “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреевтің алғыс хатын табыстады.

Осыдан кейін бөбекжай бүлдіршіндері Тik-Tok әлеуметтік желісінде тарап, барша жұртшылықтың ерекше ықыласына ие болған өнерлерін қонақтар назарына ұсынды.

– Сіздердің бүлдіршіндеріңіздің Тik-Tok әлеуметтік желісіндегі өнерлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы мен “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының басшылығы шын жүректен алғысы мен ризашылықтарын білдіріп отыр. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласындағы осындай жетістіктеріңіз сіздердің ұжымдарыңыздың игілікті еңбектері мен жоғары кәсіби шеберліктерінің жемісі екендігін біз жақсы түсінеміз және үлкен құрмет көрсетеміз. Сіздердің алдағы уақытта да оқу-тәрбие үрдісін жетілдіру, жаңа техналогияларды енгізу ісіне зор үлес қосып, өскелең ұрпақтың бойында парасаттылық пен рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту жолында лайықты жұмыс атқаратындықтарыңызға үлкен сенім білдіремін, – деді Нязтай Әлкешев.

Жиын соңында Әлкешев бастаған Ұлттық ұлан өкілдері “Өркениет” бөбекжай балабақшасының 50 бүлдіршініне “Жас бүркіт” әскери-патриоттық қозғалысының туын, арнайы эмблемасы мен банданын табыстады. Осылай алғаш рет балабақша бүлдіршіндері “Жас бүркіт” әскери-патриоттық қозғалысының мүшесі атанды.

Жалпы Ұлттық ұланның “Жас бүркіт” әскери-патриоттық қозғалысы 2003 жылы 6 желтоқсанда құрылған. Оны жасақтау тарихы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінен бастау алды. Қанатын кеңге жайған патриоттық клуб бүгінде еліміздің барлық қалаларында ашылған.

Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан мен “Жас бүркіт” клубы бірлесіп, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері, әскери борышын өтеген жауынгерлерді құрметтеу кештері, мерекелік салтанатты жиындар, тақырыптық викториналар мен байқаулар, “Ерлік сабақтары”, “Ашық есік күндері” акциялары сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шаралар өткізіп келеді.

Былтырғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Бүгінгі жастар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Елдігіміз мәңгі болсын десек, біз нағыз патриот, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Ең бастысы, бұл жұмыс қанша буын алмасса да тоқтамай, ұдайы жүргізіле беруі керек” деп өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажеттігін және батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыру керектігін атап өткен еді.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындауда еліміздің құқықтық тәртіп әскері белсенділік танытып келеді. Ел айбыны – Ұлттық ұлан жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу қызметін белсенді жалғастыра бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру