Алматы облысында полицейдің қырағылығы баланың өмірін сақтап қалды
Алматы облысында полицейдің қырағылығы баланың өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы – Өскемен республикалық автожолының 74-шақырымында қызмет атқару барысында полиция қызметкерлері жол жиегінде жалғыз кетіп бара жатқан кішкентай баланы байқайды. Тәртіп сақшылары дереу тоқтап, баланың қауіпті аймақта не себепті жүргенін және оған көмек қажет-қажет еместігін анықтаған.
Белгілі болғандай, 6 жастағы бала Қонаев қаласындағы үйінен ойнап шығу үшін шығып, саяжайда тұратын досына өз бетінше бармақ болған. Алайда жол бойында адасып, автожол жиегіне шығып кеткен.
Полиция қызметкерлері бұл учаскеде көлік қозғалысының өте қарқынды екенін атап өтті. Жоғары жылдамдықпен жүретін көліктер жаяу жүргіншілер үшін, әсіресе балалар үшін аса қауіпті екенін ескертті.
- Бұл өте қарқынды қозғалыс жүретін жол. Мұнда тіпті ересек адамның өзі үшін де қауіп жоғары. Осындай жағдайларда бейжай қалмау маңызды. Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Расул Джаруллаев пен Бақыт Төлепергенов баланы Қонаев қалалық полиция басқармасына жеткізіп, кейін ювеналдық полиция инспекторлары арқылы анасына табыстады.
Баланың анасы полиция қызметкерлеріне қырағылығы мен жедел әрекеті үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, тәртіп сақшыларының уақытылы көмегі ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берген.
