Алматыда полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды
Алматыда полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің балконынан секірмек болған әйелді құтқарып қалды.
Оқиға Достық даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. "102" арнасына хабарлама түскен бойда үш минут ішінде оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жеткен.
Тексеру барысында әйелдің психологиялық тұрғыда ауыр күйде болғаны және ойланбай әрекет жасауға бейім екені анықталды. Учаскелік инспекторлар Р.Сақбай мен полицей Б.Әукеннің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Қызметкерлер дер кезінде араласып, әйелдің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Полиция қызметкері Бағдат Әукен мұндай жағдайларда ең маңыздысы — адаммен дұрыс байланыс орнатып, сабырлы түрде сөйлесу екенін атап өтті.
- Ең бастысы – уақытты өткізіп алмау және адаммен сенімді байланыс орнату. Сабыр сақтап, қысым жасамай сөйлесу керек. Сонда ғана адам өзін жалғыз емес екенін сезінеді, – деді ол.
