Алматы облысында полицейдің қызы марапатталды
Алматы облысында полицейдің қызы үздік суреті үшін Ішкі істер министрінің дипломымен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Отбасы күніне» арналған іс-шаралар аясында ІІМ жүйесінде «Менің отбасым» тақырыбында балалар суреттерінің байқауы ұйымдастырылды.
– Бұл байқауға Алматы облысының ішкі істер органдары қызметкерлерінің балалары да белсене қатысты. Республикалық байқау қорытындысы бойынша 3 орынды Талдықорған қаласы №4 орта мектебінің 2-сынып оқушысы Ксения Гаврилюк иеленді, ол Талдықорған қаласы ПБ аға инспекторы Ангела Куралеваның қызы болып табылады, – деп хабарлады Алматы облысының ПД бастығының орынбасары Ораз Жолдасов.
Ішкі істер министрінің атынан жас дарынға диплом мен арнайы сыйлықты Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Ораз Жолдасов табыс етті. Ксенияның анасы да назардан тыс қалмады. Полиция департаментінің басшылығы тарапынан оған да бағалы сыйлық табысталды.
– Мұндай іс-шаралар игі дәстүрге айналып, қызметкерлеріміздің отбасылық байланыстарын нығайта түседі, ал балалар үшін бұл кезекті отбасылық мерекеге айналады, – деп атап өтті Ораз Жолдасов.
Ангела Куралева көрсетілген ықылас пен ілтипат үшін алғысын білдіріп, Ксенияның осы байқаудың жүлдегері атанғаны жағымды тосын сый болғанын атап өтті.